Петропавлда архитектуралық дизайн-кодты әзірлеуге 81 млн. теңге бөлінеді. Қала әкімі Руслан Анбаев бұл облыс орталығының келбетін ретке келтіруге мүмкіндік береді деп есептейді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі «Instagram» әлеуметтік желісінде Петропавлдың архитектуралық дизайн-коды жаңартылатынын мәлімдеді.
– Архитектуралық дизайн кодты жасау қажет. Бұл қаланың бейнесін біртұтас жасау үшін маңызды. Құжат ғимараттардың, құрылыстардың және көше-жол кеңістігінің қасбетінің элементтерін өзгертуге бағытталады. Қарапайым тілмен айтқанда, Петропавлдың кіру топтарын, жарнамалық конструкцияларды біріздендіруді білдіреді. Қазіргі уақытта оны жасауға 81 млн. теңге жұмсалатыны белгілі болды. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында халық қалаулылары осы соманы бекітті. Дизайн кодын әзірлеу үшін конкурс жарияланады. Анықталған әзірлеушілерге қала тұрғындары облыс орталығының бірыңғай келбетін құрудың өз нұсқаларын ұсына алады, — деп жазды Руслан Аңбаев.