Облыс полицейі жауынгерлік атыс қаруынан мергендер сайысында жеңіске жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментіндегі аппараттық кеңесте СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов жауынгерлік атыс қаруынан сынға түсіп, топ жарған қызметкерді марапаттады. Саят Елубаев Павлодар қаласында өткен «Алтын мерген – 2023» сайысында жеңімпаз атанды. Бұл жарысқа 12 командадан 80-нен астам тәртіп сақшысы қатысты.
– Тізерлеп, түрегеп тұрып және тағы басқа да қимылдар жасап әр түрлі қашықтықтан нысананы көздеп аттық. Барлығы 11 жаттығуда бағымызды сынадық. Жауынгерлік қарудан оқ атқанда ауа райы да әсер етті. Жел тікесінен, қырдан үрлеп тұрды. Дөп тигізу үшін нысананы көздегенде түзетулер енгізе отырып аттық. Қарсыластар тәжірибелі, жақсы дайындалып келген. Алайда өзімнің жинаған тәжірибемнің де көмегі тиді. Тапсырмалардың жылдам орындалу уақыты және нысанаға тигізу көрсеткіштері есепке алынып, мен бірінші орынды иелендім, – дейді Саят Елубаев.