Сәуірдің 26-сы күні Петропавл қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Қабен Мырзағұлов өмірден өтті. Биыл қария 100 жасқа толды. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров ақсақалдың өмірден өткеніне байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Айдарбек Сейпілұлы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында соғыс ардагерінің туған-туыстарына қайғыра көңіл білдірген жазбасын жариялады.
– Қабен Мырзағұлов 18 жасында майданға аттанды. Атқыштар және артиллериялық полк, танкке қарсы жауынгерлік батальон құрамында Украина, Белоруссия, Балтық елдеріндегі ұрыстарға қатысты. Жеңісті Берлинде қарсы алды. Ол екі рет жараланды. Жауынгерлік ерлігі үшін 1-ші және 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қабен Мырзағұловтың өмір жолы – қайсарлық пен абыройдың жарқын үлгісі. Аға буынның ерліктерін ұмытпауымыз керек. Біздің ұрпақ оларға мәңгі қарыздар, – деп жазды әлеуметтік желіде СҚО әкімі.
Бүгіндері облыста 8 майдангер бар. Олар өздігінен жүріп-тұра алмайды. Екеуінің жасы 100-ден асты. Сондай-ақ өңірде 5 мыңға жуық тыл еңбеккері тұрып жатыр.
Биыл Жеңіс күніне орай әр майдангерге 1,5 млн теңгеден беріледі.