Шал ақын ауданындағы «Темірханов» шаруа қожалығы бір жарым айдан бері жалға алған жерлерінің құжаттарын қолдарына ала алмай жүр. Аудандық әкімдік мамандары да бұл мәселені шешуге асығар емес, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2013 жылы «Темірханов» шаруа қожалығына Шал ақын ауданының әкімдігі 3 жайылым жерді жалға берген. Биыл мамыр айында оның мерзімі аяқталады. Қожалық иелері 16 наурыз күні «E-otinish» порталы арқылы аудан әкіміне жалға беру уақытын ұзартып, тағы жайылым жер алу туралы өтінім жіберген. Сәуірдің 11 күні аудан әкімінің орынбасары рұқсат берілгенін ғана айтып, жауап қайтарған. Алайда, кәсіпкерлердің қолына әкімнің шешімін растайтын ешқандай құжат берілмеген.
– Жалға алған жер көлемі — 874 гектар. Норматив бойынша бір сиырға 4,5 гектар, қойларға 0,9 гектар, жылқыларға 5,4 гектар болып саналады. Сол нормативтан 50 пайыз төмен түспеу керек. Және 100 процент асып кетпеу керек. Сол есеппен санағанда біз 80 пайыздық деңгейді ұстап отырмыз. Осы жылы біздің ажалға алу уақытымыз аяқталды, – дейді «Темірханов» ШҚ қызметкері Қазыбек Темірханов.
Бұл мәселемен шалақындықтар облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
— Жалға алынған жердің пайдалану мерзімін ұзарту бойынша Шал ақын ауданының әкімдігі кәсіпкерге шешім қабылданып, рұқсат берілгендігі жайлы құжатты қолына бермеген. Сондай-ақ, олар бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрған. Алайда, жер кодексіне сай жердің пайдалану мерзімін ұзарту үшін ешқандай комиссия керек емес. Тек кәсіпкер «E-otinish» порталы арқылы өтінім берген соң, оның мәселесі 15 жұмыс күнінде шешілуі керек. Ал әкімдік мамандары бұл мәселені бір жарым ай өтсе де әлі күнге дейін шешпеген, – дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Шыңғыс Жылқыбаев.