Солтүстік Қазақстан облысында соңғы өткен екі тәуліктің ішінде екі ірі өрт оқиғасы тіркелді. Бірінің салдарынан мал қырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мағжан Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылында шаруашылық құрылыстарының бірі өртенді. Қатты желдің салдарынан жалын тұрғын үйге тарап, қызыл жалын төрт бас ірі қара мен 25 тауықты өлтірді. Ал үй мен ферма ғимараты толығымен жанып кетті.
28 сәуір күні кешке Петропавлдағы «Вишенка», «Гудок» және «Эврика» саяжай қауымдастықтарында құрғақ шөп өртенді. Бұл жерге дереу қаланың үш өрт сөндіру бөлімі мен Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылынан мамандар жіберілді. Қызыл жалын шарпыған аумақ 4,5 гектарды құрады. Сол күні кешкі уақытта әуежайға апаратын жолдың бойында қамыс отқа оранды. Жану аумағы – 18 га жер.