Петропавлда 10 көпқабатты салынып біткенімен, тапсырылмай тұр

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Петропавлда көпқабатты 10 шақты тұрғын үй салынып біткенімен, пайдалануға берілмей жатыр. Кейбірі екі жылдан бері бос тұр. Басты себеп – инженерлік коммуникация тартылмаған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысының орынбасары Сәтжан Аблалиевтің қатысуымен өңірдегі құрылыс мәселесі қозғалған кездесу өтті. Соның бірі – дайын нысандардың дер кезінде тапсырылмауы. Салдарынан мердігерлер оларды күтіп ұстау бойынша қосымша шығынға батып жатыр. Басты себеп — салынып біткен ғимараттарға басқа құрылыс ұйымдары инженерлік коммуникацияларды жүргізбеген.

— Мен осыдан екі жыл бұрын құрылысы аяқталған үйді пайдалануға бере алмай отырмын. Олардың бірі – «Береке» шағын ауданындағы 100 пәтерлі үй, екіншісі Парк көшесіндегі 144 пәтерлі үй. Қазір ауа-райы жақсарып келеді, мен бұл үйлерге косметикалық жөндеу жүргізуге мәжбүрмін, яғни қыстан кейін нысандарды қалпына келтіруге қосымша шығын шығаруым керек. Өйткені бұл үйлерге ешкім желілерді тартуға асығар емес, — дейді «Стройкомпания» ЖШС директоры Хайдар Атажанов.

Дәл осындай жағдай «Основание» ЖШС-де, көпқабатты екі үй екі жылдың ішінде жылу берілмегеннен тозған. Құрылысшылар енді пәтерлердегі жарылған линолеум мен ісінген есіктерді ауыстыруға, қабырғаларды қайта дұрыстауға мәжбүр. Жалпы Петропавлда мұндай көпқабатты үйлердің саны бүгінде 10-ға жуық.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің пікірінше, тапсырыс беруші — жергілікті атқарушы орган мәселені шешуі тиіс. Яғни үйлерге коммуникациялар жүргізу тендерін жеңіп алған, бірақ барлық шарттық мерзімді бұзған мердігерлерге қатысты түбегейлі шара қолданылуы тиіс. Сондай-ақ зардап шеккен тарапқа – құрылыс компанияларына қосымша шығын үшін өтемақы төлеулері қажет.

Жиын барысында құрылыс саласына қатысты мәселелерді жедел шешу үшін СҚО Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі жанынан салалық құрылыс комитетін құру ұсынылды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz