Петропавлда жеті отбасы өрттің салдарынан баспанасыз қалып, олар мектепте ашылған эвакуациялық пункте тұруға мәжбүр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО әкімі Айдарбек Сапаров өрттен зардап шеккендер уақытша баспанамен қамтылатынын айтты.
— «Береке» шағынауданында өрт шығып, бүлінген үйлердің тұрғындары №25 мектептегі эвакуациялық пунктіне уақытша орналасты. Олар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді. Өрттен зардап шеккендермен кездестім. Арнайы комиссия құрылды. Тұрғындар уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі, — деп жазды облыс басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жинау басталғанын хабарлады.
Пункт гуманитарлық көмекті сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін қабылдайды.
Кеше Петропавлдағы «Береке» ықшамауданында қамыс жанып, арты үлкен өртке ұласты. Салдарынан 40 адамды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді.
Қатты жел жалынды ауыздықтауға мұрша бермей, 140-қа жуық маман өртті 3 сағат бойы сөндірді.