Сенаторлар ҚР парламентінің мәжілісі қабылдаған «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заңын мақұлдады.
Аталған келісімнің мақсаты — цифрлық ортада авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғау саласындағы халықаралық нормативтік — құқықтық базаны дамыту, осы салада құқық бұзушылықтардың алдын алу және жетілдіру.
Қаралып отырған, «ТМД — ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық — телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң уақытылы және маңызды. Сонымен қатар ақпараттық — телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық объектілеріне және сабақтас құқықтарға құқықтардың бұзылуына жол бермеу жөнінде тетіктерді жүзеге асырумен қатар, құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған.
— Алайда елімізде осы салада заңсыз жұмыс жасап келген интернет-ресурстар анықталған. Мысалы, 2020 жылы лицензиясыз бағдарламалық қамтамасыз ету мен басқа да объектілерді тарататын 24 шетелдік интернет-ресурс, ал 2021 жылы 40 интернет-ресурс анықталып, бұғаттау үшін ақпараттық жүйеге енгізілген. Бұл жағдайға салыстырмалы түрде қарасақ, осы уақыт аралығында шамамен екі есеге артқаны байқалады. Осы орайда, алдағы уақытта арнайы рұқсаты жоқ интернет — ресурстарына тосқауыл болу үшін тиісті мемлекеттік органдар жұмыла әрекет ету қажет деп есептеймін. Аталған келісім, осы салада қажетті ақпараттармен және ғылыми — зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен алмасуға жол ашады, — деді сенатор Советбек Медебаев.
Сонымен қатар авторлық құқықтық және сабақтас құқықтарды қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, ТМД қатысушы мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени қарым-қатынастардың ауқымын кеңейтуді көздейді.
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңына сәйкес келісім ратификациялауға жатады. Осы келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығынын талап етпейді.