СҚО полиция департаменті «Міндет, абырой, ерлік» атты көркемөнерпаздар байқауын ұйымдастырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Байқау құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген мамандар арасында өтті. Тәртіп сақшылары өз өнерлерін ортаға салды. Бірі әнімен, биімен тәнтті етсе, басқалары шығармаларды жатқа оқып, әдебиетке жақын екендіктерін көрсетті. Қазылар алқасына қаттысушылардың арасынан үздіктерді анықтау оңайға соқпады.
– Мұндай іс-шаралар – полиция жеке құрамының бойында патриоттық рухты асқақтатудың бір әдісі. Тәртіп сақшылары таланттарымен ерекшеленіп, еңбекқорлығы мен тапқырлығын көрсетті. Есіл ауданының полиция бөлімі қызметкерлерінің байқауға дайындығы жоғары. Олар бірден үш қатысушыны түрлі жанрда таныстырды. Бірі «Қиын іс» әнін орындаса, екіншісі М.Жұмабаевтың «Жан сөзі» өлеңін оқыды. Ал учаскелік полиция инспекторы Жангүл Ибрахимова ұйғыр биімен ерекше көзге түсті, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова.
Байқаудың өңірлік кезеңінің қорытындысы Отбасы күні қарсаңында белгілі болады. Жеңімпаздар маусым айының басында болатын республикалық сында Солтүстік Қазақстан облысы полициясының намысын қорғайды. Сондай-ақ погондардағы әртістердің үздік әндері Қазақстандық полиция күніне арналған маусымдық концертте және ведомствоның мәдени орталығының дәстүрлі қайырымдылық концерттерінде орындалады.