СҚО полицейлері жаңадан ашылған ауыл дүкенінен 70 литр алкогольдік өнім тәркіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қызылжар ауданындағы ауылдардың бірінде жаңадан дүкен ашылып, сауда орнында азық-түлік өнімдерімен қатар, алкогольдік өнімдер сатылды. Жергілікті учаскелік полиция инспекторы дүкен иесінде алкоголь саудасына рұқсат беретін лицензиясы бар-жоғын анықтағанда, кәсіпкерде тиісті құжаттар жоқ екен. Полицейлер 70 литр алкоголь өнімін тәркіледі. Енді ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша жиналған материал сотқа жіберіледі. Аталған санкция негізінде саудагерге 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұған дейін ауданда осындай тағы бір жағдай тіркелген еді. Ол кезде 125 литр алкоголь тәркіленген еді.
– Алкогольді бақылаусыз сату қылмыс пен құқық бұзушылықтар жасауға түрткі болады. Сондықтан алкогольге қарсы заңнаманы сақтау – учаскелік инспекторлардың маңызды жұмысының бірі. Жалпы жыл басынан бері облыста 3 мың литрге жуық алкоголь заңсыз айналымнан тәркіленді, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.