Биыл облыста 845 жұп шаңырақ көтерсе, 228-і ажырасып кетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО әділет департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл шаңырақ көтерген сегіз жұптың жасы неке жасынан, яғни 18-ден төмен болған. Бойжеткеннің жүкті болуына байланысты олардың некесі тіркелді. Шетел азаматтарымен жыл басынан бері 60 неке тіркелді. Былтыр мамандар осындай 210 жұпқа құжат берген.
Былтыр облыста 729 жұп ажырасса, биыл олардың саны – 228.
– Биыл ажырасып жатқан ерлердің орташа жасы 41 болса, әйелдерде – 38. Былтыр шаңырағы ортасына түскен ер адамдардың орташа жасы 33, келіншектерде 32 болды. Ал үйленгендердің орташа жасына келетін болсақ, ер адамдарда 34, әйелдерде 32 жас. Бүгінде жастар шаңырақ көтеруге асықпайтын болған. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын жігіттер 29-да үйленсе, қыздар 27 жасында тұрмыс құрған, — дейді СҚО әділет департаментінің бас маманы Эмилия Зуевич.
Биыл отау құрып, некесін тіркеткендердің ең егде жастағысы – 82-де. Әйел адам тұрмыс құрды, ал 81 жастағы ер адам үйленген.