Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің бірінші курс студенттері құрдастарын спортпен шұғылдануға шақырды. Саламатты өмір салтын насихаттағау бағытталған челленджге 70-ке жуық жас азамат қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Челленджді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды. Шара «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының стадионында өтті.
Көктемгі кросста қыздар 500 метр, ал жігіттер 1000 метр қашықтыққа жүгірді. Колледж студенттері челленджді облыстық спортта дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатына жолдады.
– Біз басқа да спорттық іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Жастар ортасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында өткізілетін түсіндіру жұмыстары да, спорттық мерекелер де «Есірткісіз болашаққа» деген ұранмен өтуде, – деді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.