СҚО ПД байланыс офицері Елена Гунченко өз жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Елена Гунченко – облыстық полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлерінің бірі. 1994 жылы Петропавлдағы есепке алу-экономикалық техникумын бітірген ол, болашақ мамандығын бірден таңдаған жоқ. Ата-анасы: «біраз жұмыс істеп көр, содан кейін шешім қабылдарсың» деп кеңес берген. Алдымен Елена сол кездегі СҚО ішкі істер басқармасының байланыс бөлімінде қызмет атқарған.
1997 жылы Елена сертификатталған лауазымға ие болды және 19 жыл бойы сержант погонын тағып, содан кейін офицер шенін алды.
– Мен жұмыс кабинетіне алғаш келгенде ол жердегі шу таң қалдырды: бұл аудандар мен қызметтер арасында ІІМ-мен байланысу үшін пайдаланылған төрт телеграф аппараты болатын. Хабарламаларды беру бірнеше сағатқа созылатын. Қазір біз пернелерді басу арқылы қателерді түзетуге дағдыланғанбыз, ал сол кезде ең кішкентай қатенің өзі перфолентаны қайта «толтыруды» қажет ететін. Сондықтан қателіктерді жібермеуге тырысатынбыз, – деп еске алды Елена.
Телеграф аппараттары ХХІ ғасырдың оныншы жылдарының басына дейін пайдаланылды. Бұл құрылғыларды мамандар кейде ТМД елдерімен байланыс үшін қолданған. Содан соң байланыстың заманауи түрлері, электрондық құжат айналымы кеңінен тарала бастады. Бүгіндері «байланысшылардың» жұмысы жедел қызметтің бірі. Қазіргі уақытта ақпараттандыру және байланыс басқармасы барлық полиция коммуникациялары мен бейнебақылау жүйелерін техникалық сүйемелдеумен айналысады. Полиция қызметкері Елена Гунченко өзін бұл қызметтен басқа жерде елестете алмайды.
– Осы жылдар ішінде мен жауапкершілікке үйрендім. Біздің жұмысымыз сырт көзге көрінбесе де, мен адамдарға пайда әкелетінімізді нақты білемін, өйткені дәл осы заманауи техника көптеген қылмысты “ізін суытпай” ашуға көмектеседі. Іс жүргізуді қысқартады. Демек, қазақстандық полиция жұмысының тиімділігін арттырады, – дейді ол.