Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі еліміздің жаңа саяси-әкімшілік картасын таныстырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа облыстар құру туралы Жарлығын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 3 мамырында республикада Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылған болатын. Осылайша, Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының жаңа шекараларын, сондай-ақ жаңадан құрылған облыстардың қалай орналасқанын көрсетеді. Сонымен қатар ведомство Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының тақырыптық карталарын, сонымен бірге олардың облыс орталықтарының жоспар-схемаларын таныстырды.
Осылайша, министрлік масштабы 1:1 500 000 болатын еліміздің саяси-әкімшілік картасын, масштабы 1:1 000 000 болатын Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының карталарын жаңартты, ал Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарының карталарын жасады. Сонымен қатар масштабы 1:25 000 болатын Қарағанды, Семей, Өскемен қалаларының жоспар-схемаларын, масштабы 1:10 000 болатын Жезқазған, Қонаев, Талдықорған қалаларының жоспар-схемаларын әзірледі.
— Осыдан тура бір жыл бұрын ел Президентінің жаңа облыстарды құру туралы Жарлығы шықты. Бұл аталған өңірлердің экономикалық өсуіне серпін бергені сөзсіз. Карталарды әзірлеу – Президенттің осы шешімін іске асыру жолындағы кезекті бір қадам. Өндірілген картографиялық және геодезиялық материалдар мен деректер мемлекеттік басқаруда, елдің инфрақұрылымын дамытуда, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, навигациялық қызметтер саласында және адам қызметінің басқа да салаларында шешімдер қабылдау кезінде аса маңызды әрі қажетті геокеңістік негізі болып саналады, — деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.
Жаңа карталар барлық мүдделі мемлекеттік органға берілді. Сонымен қатар карталарға жеке және заңды тұлғалар да қол жеткізе алады. Ол үшін «Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне жоспарланып отырған жұмыс учаскелерінде жергілікті жерлердің геодезиялық және картографиялық жағынан зерделенгендігі туралы тиісті мәліметтер беру» мемлекеттік қызметін таңдап, Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығына өтінім беру қажет. Барлық картаны визуалды түрде және таңдау үшін nkgf.kz. сайтынан көруге болады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың сұрауы бойынша 49, жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері бойынша 225 тақырыптық карта ұсынылған.