Биыл жазда күн райы қандай болмақ

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Жазда көпшілік саяхатқа шығатын кезде күн райы да жаймашуақ болғанын қалайды. Осы орайда, демалысын жоспарлап жүргендер үшін алдағы үш айға арналған «Қазгидромедтің» ауа райы болжамын ұсынамыз.

Қазгидромет жүргізген алдын ала зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сай, жазда еліміздің басым бөлігінде күн ыстық болады. Бұл ретте тек солтүстік аймақтарда қалыпты күн райы сақталады.

«Республиканың солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс жартысында Солтүстік теңіз ауданынан келетін суықтың әсерінен ауа температурасының күндіз +30+38°С-ден +15+20°С-ге дейін төмендеуі мүмкін. Ал, еліміздің оңтүстік-батыс жартысында кейбір күндері термометр бағаны +40+45°С-ге дейін жоғарылайды деп болжанады. Ыстық күндер нөсер жаңбырлы қатты желмен, найзағайлы салқын күндермен ауысып отырады», — деп мәлім етті Қазгидрометтің басапсөз қызметінен.

Маусым айына арналған ауа райы болжамы

Қазгидрометтен мәлімдегендей, жаздың алғашқы айы — маусымда Қазақстанның басым бөлігінде ыстық болады. Атап айтқанда, ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1°С-ге жоғары болады. Яғни, елдің біраз аймағында температура +18+23°С, оңтүстік-батыста +24+28°С және оңтүстік-шығыс пен шығыстағы таулы аймақтарда +7+17°С болады деп күтілуде.

Алайда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу және Қостанай облыстарында ауа температурасы қатты ыстық болмайды.

Сонымен қатар, осы айдың ішінде ел бойынша жауын-шашын мөлшері аз болады. Бірақ, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Павлодар облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Ақтөбе, Қостанай мен Ақмоланың солтүстігінде жаңбыр қалыпты мөлшерде түседі деп болжанады. Бұған қоса, Абай облысының шығысында және Алматы мен Жетісу облыстарының оңтүстік-шығыс бөлігі, Түркістан, Жамбыл облыстарының таулы аудандарында да жауын-шашын аз болмайды.

Шілде айына арналған ауа райы болжамы

Шілдеде республиканың басым бөлігінде орташа ауа температурасы қалыпты шамада болады. Қазгидромет ақпаратына қарағанда, бұл айда Казақстанның оңтүстік аймақтарында температура нормадан 1°С-ге жоғарылауы ықтимал. Мәселен, елдің көп өңірінде орташа +18+24°С сақталса, оңтүстікте +25+30°С, ал оңтүстік-шығыс пен шығыстағы таулы аймақтарда +9+17°С күтілуде. Атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары, Қызылорданың оңтүстік-шығыс бөлігі мен Жетісу өңірінің оңтүстігінде ыстық болады.

Болжамға сәйкес, бұл айда да жауын-шашын мөлшері еліміздің біраз аймағында нормадан аз болмақ. Дегенмен 7 облыста жаңбыр қалыпты мөлшерде түсуі мүмкін. Олар — Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбенің солтүстік-батыс бөлігі, Қостанай, Ақмола мен Павлодар облыстарының солтүстігі.

Тамыз айына арналған ауа райы болжамы

Қазгидрометтен хабарлағандай, жаздың соңғы айы – тамызда Қазақстан аумағында күн ыстық болады деп күтіледі. Орташа ауа температурасы нормадан 1-2°С-ге жоғарылайды. Тек республиканың солтүстік-батысында қалыпты күн райы сақталады. Бұл айда ел бойынша орташа температура +20+28°С болса, солтүстік-шығыста +16+19°С, оңтүстік-шығыс пен шығыстағы таулы аймақтарда +11+15°С-ге жетеді. Бұл орайда Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында температура норма шамасында болады.

Тамызда жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде қалыпты көлемнен де аз түседі деп болжанады. Дегенмен Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу, Қостанай, Ақмола облыстарының солтүстігінде, Қарағандының шығысында, Жамбыл облысының оңтүстік-шығысында және Түркістан облысының таулы аудандарында жауатын жаңбыр нормасы сақталады.

Болжамға сай, алдағы 3 айда өңірлерде болатын орташа айлық температура:

Астана қаласы бойынша

Маусым — +19,6°С

Шілде — +20,6°С

Тамыз — +19,1°С

Алматы қаласы бойынша

Маусым — +22,1°С

Шілде — +24,4°С

Тамыз — +23,3°С

Шымкент қаласы бойынша

Маусым — +24,4°С

Шілде — +26,8°С

Тамыз — +25,8°С

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша

Маусым — +17,7°С +19°С

Шілде — +18,7°С +20,3°С

Тамыз — +17°С +18,2°С.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz