Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі жатақханасының құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілмей отыр. Бұл фактіні «Amanat» партиясы СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының мониторингтік тобының өкілдері анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жатақхана 244 орынға шақталмақ. Кадр тапшылығынан мұндағы жұмыстар уақытылы жүргізілмеуде. «Amanat» партиясы өкілдерінің сөзінше, нысан белгіленген мерзімде тапсырылмау да мүмкін.
— Қазіргі уақытта объектінің қасбетін жасауға және дәнекерлеу жұмыстарына 18 адам жұмылдырылған. Мердігер ұйымның өкілі жақын арада құрылыс қарқыны артады деп сендірді. Осы аптаның соңында едендерді құю жұмыстары басталады, содан кейін толық құрамдағы жұмысшылар үй-жайларды безендіруге кіріседі. Сонымен қатар, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары басталды, — деді партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Александр Зель.
Осыдан 10 күн бұрын партиялық бақылау комиссиясы тапсырыс беруші Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына жүгініп, құрылыс алаңындағы кемшіліктерді жою қажеттігін жеткізген еді. Бүгін мониторинг топ орындалған жұмыс көлемінде өзгерістер бар екенін айтты. Бірақ жұмысшылардың қажетті санының болмауына байланысты құрылыс жұмыстары баяу жүргізілуде.
Талаптарға сәйкес құрылыста 44 адам болуы керек. Бұл мәселені партиялықтар бірнеше рет мердігер ұйымның өкілдеріне жеткізген болатын.
Естеріңізге салсақ, жатақхана осы жылдың қыркүйек айына дейін тапсырылуы тиіс.