Облыстық ұлттық статистика департаментінің мамандары өңірдегі тұрғындардың орташа жалақысын есептеді. Олардың мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында оның көлемі 241 мың 102 теңгені құрады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы департаментінің ақпаратына сай, халықаралық стандарттарға сәйкес бір қызметкердің орташа номинаналды айлығы қосымша төлемдер, үстемеақылар, сыйақылар, салықтар мен зейнетақы жарналары ескеріле отырып нақтыланады. Осылайша бірінші тоқсанда өңірдегі орташа жалақы 241 мың 102 теңгені құрады.
Өңірде орта облыстық деңгейден жоғары жалақы көлік және қойма саласы қызметкерлерінің еншісінде, ол 336 мың 354 теңге болып отыр. Ал 335 мың 537 теңге көлемінде айлықты қаржы және сақтандыру қызметінде жұмыс істейтіндер алады. 311 мың 320 теңге – тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу қызметкерлеріне төленеді.
Түрлі қызмет көрсететін компаниялар қызметкерлерінің ең төменгі жалақысы – 126 мың 141 теңге, әкімшілік және көмекші қызмет көрсету саласында – 138 мың 701 теңге. Білім беру саласында еңбек ететін мамандардың орташа айлығы 247,2 мың теңге, денсаулық сақтау саласында – 253 мың теңгені, құрылыс саласында – 227 мың теңгені құрайды. Өңірдің жетекші саласы – ауыл шаруашылығындағылардың орташа еңбекақысы 174 мың теңге шамасында.