Қазақстанның екінші, әлемнің 147-ракеткасы Тимофей Скатов Ролан Гаррос турнирі іріктеу сайыстарының финалына шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 119-ракеткасы, финляндиялық Отто Виртаненмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда фин теннисшісі 6:4 есебімен басым түсті.
Есесіне екінші сетте қазақстандық спортшы есе қайырды – 6:2. Ол үшінші, шешуші партияда да 3:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін О.Виртанен таразы басын теңестірді. Дегенмен Тимофей Скатов матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 7:5.
Екі сағат 45 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Тимофей 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 5 эйс, 3 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатов іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 165-ракеткасы Мелигени Родригес Алвес Фелипемен ойнайды. Ол рейтингте 145-сатыдағы чилилік Томас Барриосты тізе бүктірді 6:3, 6:3.
Егер Тимофей Скатов бразилиялық теннисшіні ұтса, алғаш рет Ролан Гарростың негізгі додасына жолдама алады.