Облыста заңсыз қоқыс полигондарын жабу жұмыстарын бір мезетке де тоқтатылған жоқ. Эколог мамандар бұл алаңдарды жапса да, жаңалары пайда болуда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО экология департаментінің мәліметінше, өткен жылы облыс бойынша рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастырудың 232 орны анықталып, 224-і жойылды.
Биыл мамандар мобильді жұмыс тобын құрып, тағы 40-тан астамын анықтады. Оның 25-сі Петропавлда, 12-сі Қызылжар ауданында, 8 – і Мамлют ауданында, біреуі Жамбыл және Есіл аудандарында шоғырланған.
Заңсыз полигондар әлдеқайда көп болуы мүмкін екен. Биыл экологтардың қолдарына қалдықтарды орналастырудың ғарыштық мониторингінің нәтижелері түскен жоқ.
– Жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаментіне кінәлі адамдарды анықтау және жауапқа тарту бойынша шаралар қабылдау үшін тиісті хаттар жолданды. Жаңадан анықталған қоқыс үйінділерінен 10-ы жойылды, жұмыстар жалғасуда, — дейді СҚО экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.
Бұл мәселе жақында облыс әкімдігінде де талқыланды. Өңір басшысы Айдарбек Сапаров 1 шілдеге дейін барлық рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орындарын жоюды тапсырды.
Экология департаменті облыс аумағында осы жылға арналған қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың жолын кесу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Алайда, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерді үлкен көлемдегі айыппұлдар да тоқтата алмауда. Әсіресе, Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылының жанындағы заңсыз полигон көп қиындықтар туғызуда. Жергілікті әкімдік мәселені жылдан жылға шешуге уәде береді, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Экологтар мемлекеттік органды сотқа да берді.