Облыстық прокуратура жер заңнамасының сақталуын қадағалап отыр. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс жайында облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу-Али Саттар баяндады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Бүгінгі таңда өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – жайылымдық жерлердің тапшылығы. Әсіресе елді мекендердің жерлерін заңсыз беру жиі кездеседі. Мысалы 2016 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Андреев ауылдық округінің Жаңасу ауылында жалпы ауданы 990 га жайылымдық жер берілді. Ал бұл жер учаскесі тек жергілікті тұрғындардың малын жаюға арналған. Осының салдарынан ауыл тұрғындары малын жаяр жер таба алмай отыр. Облыстық прокуратураның араласуынан кейін ғана ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы сотқа жер учаскесін алып қою туралы талап арыз берді. Жыл басынан бері сотқа 6 147 гектар жерді алып қою туралы 29 талап-арыз берілді. Қалған учаскелер бойынша да қажетті құжаттар жинақталып, сотқа талап-арыз беру жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіледі. Елді мекендердің заңсыз берілген жерлерін қайтару жайылым тапшылығын жойып, ауыл тұрғындарының малын емін-еркін бағуына мүмкіндік береді, — деді Абу-Али Саттар.
Бұдан бөлек облыс прокуратурасы өңірлік жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп, пайдаланылмайтын 275 мың гектар жайылымдық жерлерді анықтады. Барлық жер пайдаланушыларға еліміздің жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Олардың орындалу мерзімі биыл аяқталады. Егер нұсқама орындалмаса және заң бұзушылықтар жойылмаса, сот тәртібімен жер тартып алынады және оны пайдалануға алғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.