Петропавлдағы «Тайга» сауда орталығының аялдамасына жеңіл автокөлік соғылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы туралы хабар жедел жәрдем қызметіне бүгін сағат 13:39-да түсті. Араға үш минут салып, төтенше жағдай орын алған жерге медициналық бригада жіберілді.
– Медициналық көмек 3 қала тұрғынына көрсетілді. Науқастың бірінде бас сүйегі сынып, дәрігерлер миы шайқалды деген диагнозды қойып, облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызды. Қазіргі уақытта әйелдің жағдайы ауыр. Екіншісінің аяғына зақым келді. Келіншек көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Үшіншісі – ер адам. Оның да басы жарақаттанып, жабық ми жарақаты деген диагноз қойылды. Тағы 2 азамат дәрігерге көрінуден бас тартты, — дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Оқиға куәгерлерінің сөзінше, аялдамаға соғылған «Honda» маркілі ақ түсті көлікті әйел адам тізгіндеген.