Сарытомарда «Мағжан оқулары» байқауы өтті

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның Сарытомар ауылында дәстүрлі «Мағжан оқулары» байқауының облыстың кезеңі өтті. Екі күнге созылған додада облыстың әр ауданынан қатысқан 42 оқушы  бақ сынады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Алдымен талапкерлер ақынның туған жеріндегі мұражайға  барып, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Мағжан Жұмабаевтың қилы тағдыры жайлы оларға мұражай жетекшісі Айгүл Жүнісбаева айтып берді.  Содан кейін жастар мұражай ауласындағы алаш арысының  ескерткішіне  тағзым етіп,  гүл шоқтарын қойды. Аталған шарада қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тажин, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің директоры Ерлік Жанділдин  сөз сөйледі.

Сайыстың облыстық кезеңі  тартысты өтті. Мұнда келген қатысушылардың алды бұрын да бірқатар байқауларда топ жарып үлгергендер. Олардың жұмысына өңірдегі білім ордаларының білікті мұғалімдері мен қалам ұстаған аға буын өкілдері баға берді.

— Соңғы бірнеше жылдағы байқауларға куә болып келемін. Мағжан шығармашылығына жастардың қызығушылығы артып отыр.  Бүгінгі байқауды ақынның туған  жерінде өткізу дұрыс шешім болды. Мағжан оқуларын білім алушылар мен ұстаздар жыл бойы асыға күтеді, ұзақ дайындалады. Осылайша бірнеше іректеуден өткен балалар алдымызға келеді. Оқушы болғасын олардың да кемшіліктері білініп жатады. Десе де жастардың талаптары жақсы. Республикалық кезеңге жолдама алғандар  өңір намысын лайықты қорғап шығатынына сенемін, — дейді қазылар алқасының мүшесі, ақын Аманжол Зағыпар.

Жарыс қорытындысы бойынша «Өлең — менің Шолпаным, Айым, Күнім» аталымында  Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген Жансая Мырзыш, «Жасынан оқу оқып, өнер қуған»  аталымында  шалақындық Әдемау Ысқақ, «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» номинациясында Қызылжар ауданының қатысушысы Арай Мархаба топ жарды. М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж тағайындаған «Жеңіске деген ынтасы үшін» сыйлығына №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы Алина Нұрым ие болды. Ал бас бәйгені Смирнов орта мектебінің оқушысы Айдана Мамбетова қанжығасына байлады. Байқаудың республикалық кезеңі облысымызда келер айда өтпек.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz