Есіл ауданына қарасты Николаевка елді мекенінің ауылішілік жолдары жөнделіп жатыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 200 млн. теңге бөлінді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, Николаевкадағы ауылішілік жолдардың әбден тозығы жеткен. Соңғы рет елді мекен жолдары осыдан 30 жыл бұрын жөнделген. Биыл орай түсіп, Есіл ауданы әкімдігінен қомақты қаражат бөлінді.
– Осы жылы Николаевка ауылдық округінің жолдарын қалыпқа келтіруге 550 млн. теңге қарастырылды. Оның 200 млн. теңгесіне елді мекен ішімен өтетін 5 шақырымдық жолдарды жөндеуге бөлінген. Қазіргі уақытта мердігер компания жұмысты бастап кетті. Кей көшелерге асфальт, кейбіріне қиыршық тас төсеуді жоспарладық, – дейді Николаевка ауылдық округінің әкімі Нұрбек Сапаров.
Бұдан бөлек, Николаевка ауылдық округінде интернат күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оны ретке келтіруге жергілікті бюджеттен 130 млн. теңге бөлінді. Ал елді мекендегі дәрігерлік-амбулаторлық пункті жөндеуге 100 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылды.