Облыстық бейнелеу өнері музейінде Юрий Романовтың «Бегущий по волнам» кеме модельдерінің көрмесі ашылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Көрмеде ұсынылған 18 модельді кемелердің авторы – Юрий Владимирович мектеп жасынан бастап жас техниктер станциясында оқыған. Сол кезде кемелерді модельдеуге қызығушылығын арттырған мұғалімі Юрий Пашковты құрметпен еске алады. Бір кездегі балалық қызығушылығы бүгін сүйікті ісіне айналған.
–Кеме модельдерін жасау – өте ежелгі өнер. Ғылымның соңғы мәліметтері бойынша кемелер тоғыз мың жыл бойы теңіздер мен мұхиттарда жүзіп келеді. Мыңдаған жылдар бойы теңіз флоты жетілдіріліп, жаңа үлгілерді жасауға шабыттандырады, – дейді Юрий Романов.
Автор жасаған кемелердің бір ерекшелігі – олар жұмыс істеп тұр және радиобасқарылады. Сондықтан жарыстарға қатыса алады. 2010 жылы Юрий Романов Өскемендегі кеме жасаушылар көрмесіне, кейін Астана қаласында өткен осындай шараға қатысқан. Кеме моделизмі кәсіби спорт түрі ретінде дамыған және өте танымал. Балаларды қорғау күніне орай ашылған көрме бір ай бойы жұмыс істейді.