Облыста күннің ыстығынан төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен екі күннің ішінде күннің ыстығы тиген өңір тұрғындары жедел медициналық көмекке жүгінген. Осылайша 4 ересек азаматқа дәрігерлердің көмек қажет болды. Олардың үшеуі амбулаториялық бақылауда. Біреуі ауруханаға жатқызылды.
Соңғы бірнеше күнде аймақтағы ауа температурасы рекорд жаңартып, сынап бағанасы +36 градусқа дейін көтерілді.
Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы уақытта ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Алдағы үш тәулікке облыс бойынша дауылды ескерту жарияланды. Жоғары өрт қаупі сақталады.