Жыл басынан бері облыста 36 зейнеткер алаяқтың арбауына түсті. Бүгінгі күні бұл теріс статистиканы төмендету мақсатында өңір полицейлері қарттармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Алаяқтықты алдын алу үшін Петропавл полицейлері жаппай түсіндіру жұмыстарын қолға алды. СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың бастамасымен ауқымды акция ұйымдастырылды. Басты назарда – жалғызбасты қариялар. Олардың мекенжайларына қалалық полиция басқармасының және облыстық полиция департаментінің, прокуратура, төтенше жағдайлар, экономикалық тергеу департаменттерінің қызметкерлерінен құралған 200-ден астам адам барды.
– Соңғы уақытта қаламыздың қарт тұрғындарының алаяқтарға алдануы жиілеп барады. Алаяқтар өздерін полиция немесе медицина қызметкерлері деп таныстырып, адамның туыстарының бірі қылмыс немесе құқық бұзушылық жасағаны туралы хабарлайды. Көбінесе ол апатқа кінәлі болды және зардап шеккен адам өтініш жазбауы үшін ірі көлемде ақша беру керек деп сендіреді. Әрі тұтқаның арғы жағындағы көмек сұрап қорыққан дауысты естіген адам алаяққа бірден алданып қалуы мүмкін. Қарт азаматтар мұндай қоңырауларға жиі сенеді және қылмыскерлер жіберген курьерге барлық қолма-қол ақшаны бере салады. Осы схема бойынша жыл басынан бері петропавлдық 36 қария алданып қалды. Жәбірленушілердің бірі алаяқтарға 5 миллион теңге сомасындағы қаражатын аударып жіберген. Бұл қылмыстарды тоқтату – ақпараттық науқан аясындағы жұмыстардың басты міндеті, – дейді Қанат Айтбаев.
Маусымның 3-і күні өткізілген іс-шара барысында полицейлер мен бірлескен қызметтер жоспарланған мекенжайлардың 30%-ын қамтыды. 2 мыңнан астам әңгімелесу жүргізіліп, 3 мыңнан астам парақша таратылды. Акция барлық қарт петропавлдықтарды жүз пайыз қамтығанға дейін жалғасады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары барлық адамдардан туыстары мен жақындарына осы қылмыс түрінің қауіптілігін ескертуді сұрайды.