Облыс әкімі Айдарбек Сапаров №2 жылу-электр орталығында болып, жаңа мұржаның құрылысымен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта №2 жылу-электр орталығында құлаған мұржаның орнына жаңасы тұрғызылуда. Сондай-ақ қазандықтарды жөндеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Мұндағы шаруамен танысқан облыс әкімі монополист компания өкілдерімен кеңес өткізді. Бұл туралы Айдарбек Сапаров әлеуметтік желдегі жеке парақшасында жазды.
– Келесі жылыту маусымына дайындық бойынша жедел кеңес өткіздім. Биыл кәсіпорын мұржа салуға, қазандықтарды жөндеуге, сондай-ақ электр және жылу желілерін жаңартуға 12 млрд. теңге бөлді.Облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы жұмыстың кестеге сай жүріп жатқанын әрдайым тексеріп отырулары қажет. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда. Бірлескен іс-қимылдың арқасында жұмыстардың дер кезінде аяқталуын қамтамасыз ете аламыз, – деп жазды СҚО әкімі.