Қоғамдық көлікте балағат сөз айтқан жолаушы ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, маусымның 5-сі күні «102» пультіне «4А» бағытындағы қоғамдық көлікте балағат сөздер айтқан азамат жайлы хабарлама түсті. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары дөрекі мінез көрсеткен ер адамды сабырға шақырған. Алайда ол полицейлердің заңды талабына бағынбапты.
– Полиция қызметкерлері ер адамды медициналық куәландыруға апарып, оның алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады. Нәтижесінде Петропавл қаласының 30 жастағы тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-ші және 667-баптары ұсақ бұзақылық және билік өкілінің заңды талабына бағынбау фактілері бойынша материалдар жиналды, — дейді баспасөз қызметі.