Қазіргі уақытқа дейін облыстағы мектеп түлектерінің 1752-сі ҰБТ тапсырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 11-ші сыныпты аяқтаған түлектердің саны – 3345. Олардың 2396-сы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірді.
— Ел көлемінде мектеп түлектері ҰБТ тапсыруда. Бұл науқан мамырдың 19-ы күні басталып, шілденің 5-сі күні аяқталмақ. Әзірге грантқа оқуға түсуге үмітті оқушының 1752-сі тестілеуден өтті, — дейді СҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, мектептерде түлектер мемлекеттік емтихандардан өтеді. Оның 4-уі жазбаша және Қазақстан тарихынан сынақ жазбаша форматта тапсырылады.
Естеріңізге салсақ, өңірде 11-ші сыныпты бітірген 109 түлек «Алтын белгіден», 200-і үздік аттестат алуға үмітті. Ал 9-шы сыныптарда үздік аттестатпен оқуды аяқтауға 379 оқушы ниетті.