Қызылжар ауданының әкімдігі кәсіпкердің шаруа қожалығы басшысын ауыстыруға қатысты ұсынысын қабылдамай, кедергі жасаған деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес, шаруашылық басшысын ауыстыру жөнінде шешім ұжымның дауыс беруі арқылы және жазбаша түрде үлестік жер иелерінен түскен келісім хат негізінде қабылданады. Оған дейін жиналыс өткізіліп, қолхатта тиісті үміткер көрсетілуі қажет. Мұндай акцияға кемінде жер үлескерлерінің 50%-ы қатысса, заң жүзінде әкімдік тиісті қаулы шығаруы тиіс.
— Кәсіпкер жер заңнамасының талаптарын орындады. Фермер шаруашылықтың заңды қызметіне кедергі жасау, субсидиялардан және мемлекеттік қолдаудың өзге де шараларынан айыру түріндегі әуре-сарсаңның зардаптарынан қорқып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінді. Департамент мүдделі тараптарды кездестіріп, жағдай жан-жақты түсіндірілгеннен кейін кейін Қызылжар ауданы әкімі тиісті қаулы шығарды, — деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.