СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №48 мекемесінде облыс әкімінің орынбасары Сатжан Аблалиевтің төрағалығымен үйлестіру кеңесі өтті. Жиында сотталғандарды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік субъектілері, «Еңбек-Қызылжар» РМК филиалы ұсынатын тауарлар мен жұмыстар көлемін ұлғайтуға қолдау көрсетуге қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта облыстың түзету мекемелерінде 16 жеке кәсіпкер, 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күнбағыс майын, ат әбзелдерін, ағаш және былғары бұйымдарын, металл конструкцияларын, монша бұйымдарын, жұмсақ ойыншықтарды, тротуар плиталарынан дайындау, жұмсақ жиһаз жинау, ашытылған сүт өнімдерін қайта өңдеу, арнайы техникаға қызмет көрсету және жөндеу, құрылыс қоспаларын өндіру, макулатураны қайта сұрыптау, автошеберхана сынды қызметтерді көрсетіп келеді. Нәтижесінде бүгіндері өңірде 531 сотталған жұмысқа орналастырылған.
Кеңес барысында департамент бастығы Әділет Мұстафинов сотталғандарды жұмысқа орналастыру стратегиясын әзірлеу және олардың босатылғаннан кейін қоғамға қайта бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті кәсіпорындармен және ұйымдармен ынтымақтастықтың, сотталғандарды әлеуметтік бейімдеуде психологиялық қолдаудың маңыздылығын атап өтті.