«Жас Өркен» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде Жамбыл Жабаев бейнеленген мурал пайда болады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жамбыл Жабаев, 53 мекенжайындағы үйдің қабырғасында ақын бейнеленген панно салынады.
— Жобаны Алматыдан келген құрылысшылар жүзеге асыруда. Бұған дейін олар қаламыздағы үйлердің бірінде Абай бейнеленген мурал жасаған болатын. Енді дәл осындай мәнерде жасалған панно Жамбыл Жабаев көшесіндегі баспананың қабырғасына салынады.
Мурал пеште 830 градус температурада күйдірілген керамикалық плиткадан жасалады. Яғни, материал берік және кез келген ауа-райына шыдас береді. Муралды салмас бұрын қала әкімдігі тұрғын үй кооперативінен рұқсат алды, — дейді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.