Жыл басынан бері облыстық прокуратура мамандары мемлекеттік сатып алуларға тексерістер жүргізіп келеді. Олардың нәтижесінже мамандар бірқатар заңбұзушылықты анықтап, биылғы жылы жалпы сомасы 2,3 млрд. теңге болатын 8 мемлекеттік сатып алудың күші жойылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аталған құқықбұзушылықтар облыс орталығы мен аудандарда орын алуда. Ондағы лауазымды адамдар үй салу, жол жөндеу сияқты жобаларды тиісті құжаттарсыз жүзеге асырмақ болған. Мысалы, облыстық әкімдік жанындағы мемлекеттік сатып алу басқармасы Петропавл қаласында жер учаскесіне рұқсат құжаттарынсыз 2,5 миллиард теңге сомасында көппәтерлі үй салу бойынша конкурс өткізген. Тағы бір жағдайда, Ақжар ауданында 300 миллион теңге сомасына автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу қажетті ведомстволық сараптамасыз жүргізілген. Прокурорлық қадағалау негізінде бұл конкурстардың күші жойылды. Ал сатып алуда олқылықтарға жол бергендерге шара қабылданды. 8 лауазымды маман әкімшілік, 4-еуі тәртіптік жауапкершілік арқалады. Оларға салынған айыппұл толық өтелген.