СҚО-да алдағы екі жылда 46 медициналық мекеме салынады. Бұл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында мүмкін болмақ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тың жоба аясында өңірдің әр ауданында амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пунктер тұрғызылады. Биылдың өзінде жоспарланған 46 нысанның 9-ы бой көтереді. Оның бірі Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылында орын теппек. Денсаулық сақтау мекемесінің құрылысына ел бюджетінен 455 млн. теңге бөлінген.
– Прибрежное ауылының тұрғындары көп уақыт бойы ескі ғимаратта орналасқан амбулаториядағы дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Мұндағы жылыту жүйесі ескіргендіктен, жаңа ғимарат тұрғыза бастадық. Ел қазынасынан бөлінген қаражаттың арқасында заманауи денсаулық сақтау мекемесі тұрғызылып жатыр. Кейін жас мамандар тартылады. Елді мекенде жұмыс істейтіндерге 2,5 млн. теңге көлемінде көтермеақы қарастырылады. Ақхалаттылар әлеуметтік қолдау да көрсетіледі, – дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Иманжанов.
Ұлттық жоба аясында облыста 46 емдеу мекемесінің құрылысын іске асыру үшін ел қазынасынан 2 млрд. 400 млн. теңге қарастырылып отыр.