Венгрия астанасы Будапешт қаласында кикбоксингтен әлем кубогы өтті. Байрақты бәсекеде жерлесіміз чемпион атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әлем кубогына дүниежүзінің 43 мемлекетінен 890 спортшы қатысты. Ұлттық құрама сапында ел намысын 27 кикбоксшы қорғады. Солтүстікқазақстандық Данияр Жарасов «фулл-контакт» санатында өнер көрсетіп, 54 килограмм сал-мақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтерілді.
Жарыста қызылжарлық кикбоксшы үш жекпе-жек өткізіп, әрқайсысында жеңіске жетті. Финалда Данияр ұлттық құрама бойынша командаласы Тараз-дан келген спортшымен қолғап түйістірді.
– Ақтық сында ел чемпионатындағы негізгі қарсыласыммен кездестім. Ұпай санымен жеңіске жеттім. Маған сенім артқан бапкерлерге алғысым шексіз, – дейді Данияр Жарасов.
Әлем кубогында кикбоксшылар «К-1», «лоу-кик» және «фулл-контакт» санат-тары бойынша сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама қоржынына 6 алтын, 11 күміс және 8 қола түсті.