ҚР Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, енді олар дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09.00-ден 20.30-ға дейін, сенбі күні сағат 09.00-ден 19.30-ға дейін күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бұл шара 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастырып үлгеру үшін қабылданған.
Ведомство заңдастыру 1 шілдеге дейін жүретінін еске салды.
— 1 шілдеден бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады. Алайда 1 шілдеге дейін өтінім беріп үлгерген азаматтардың автокөліктері талаптарға сай келетін болса, көрсетілген мерзімнен кейін заңдастыру құқығы беріледі, — дейді ҚР ІІМ баспасөз қызметіндегілер.
Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және бұрын тіркелген елінен есептен шығарылмауы себебінен заңдастыру мүмкін болмайтын автокөліктерді мемлекеттік тіркеу туралы шешім қабылданды.
Мұндай автокөліктер көрсетілген мерзім өткеннен кейін кері әкету туралы міндеттемемен 5 жыл мерзімге уақытша есепке алу немесе бұрынғы тіркеу орны бойынша автокөлікті есептен шығарған жағдайда заңдастыру шарттарымен тіркеледі.
Шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлік белгілері «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына сақтауға тапсырылады. Егер Қазақстан азаматтары оларды елден тыс жерлерге әкету туралы шешім қабылдаған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының КҚТК және МТНБ тапсыруы тиіс, содан кейін оларға тіркеу құжаттары мен шет мемлекеттің МТНБ қайтарылады.
— Сондай-ақ міндетті автосақтандыру және жол қозғалысы саласындағы заңнаманың соңғы өзгерістеріне сәйкес, Қазақстан азаматтары 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген шетелдік автокөліктерге міндетті автосақтандыру полисін ресімдей алмайтынын, сондай-ақ 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және заңдастырудан өтпеген шетелдік есепке алынған көлік құралдарына қолданыстағы автосақтандыру полисін ұзарта алмайтынын хабарлаймыз, – делінген ресми хабарламада.
Сондай ІІМ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, міндетті автосақтандыру полисінсіз автокөлікті жүргізгені үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылғанын еске салды.
Мұндай жағдайларда полиция қызметкерлері автокөліктерді ұстап, оларды арнайы тұрақтарға жеткізуге құқылы.