Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында 250 орынға шақталған емхананың құрылысы басталды. Жоба құны – 3,2 млрд. теңге, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кішкенекөлдегі емхананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға ел қазынасынан 700 млн. теңге қарастырылып отыр. Осы қаражатқа медициналық қондырғылар сатып алынбақшы.
– Аудан орталығында аудандық аурухана бар. Бұл ғимарат 1960 жылы салынған. Қазіргі уақытта нысанда емхана блогы және стационар жұмыс істеп жатыр. Өкінішке қарай, ескі медициналық мекеме тар. Сондықтан биыл ауруханадан бөлек, емхананың құрылысын бастадық. Жұмысқа қосымша 5 жас маманды қабылдаймыз, – дейді Уәлиханов аудандық ауруханасының бас дәрігері.
Емхананың құрылысына жауапты мердігер – «Азамат Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мамандардың айтуынша, маусым айында іргетасы қалана бастаған нысан келер жылдың қаңтар айында қолданысқа беріледі.