Петропавлда «Ұлтын сүйген ұлы жүрек — Мағжан» атты көрме өтуде

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына  130 жыл толуына орай  «Ұлтын сүйген ұлы жүрек – Мағжан» атты көрме өтуде. Оны тамашалаған жерлестеріміз бен қала қонақтары ақынның қилы өмірі мен бай шығармашылық мұрасымен етене таныса алады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Көрме сөресіне  ақынның өмір жолына қатысты құнды құжаттар қойылыпты. Мәселен, Мағжанның Омбы мұғалімдер семинариясында, Мәскеудің Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқығанда берілген куәліктерінің көшірмесі де бар. Оларды ақынның ұстағанын, қол қойғанын көріп, түйсінген жан бейжай қарай алмайды. Ал «анкета арестованного», «протокол допроса» деген сияқты құжаттар сезімді жанды селк еткізіп, адамның тұла бойын түршіктіреді.

Ақынның шығармашылығына қатысты сөрелерден де жастар өздеріне көптеген жаңалық табады. Мұнда Мағжанның 19 жасында Қазандағы Кәрімовтердің баспасынан шығарған тұңғыш өлеңдер жинағы «Шолпанның» да көшірмесі қойылған. Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытовтардың Мағжан шығармашылығына қатысты пікірлерін де көруге болады. Олардың біразы төте жазумен кезінде «Қазақ» газетіне жарияланған.

Мағжанның шоқ жұлдызы жарқыраған сүбелі шығармасының бірі – «Батыр Баян» поэмасы. Ақын ақталғаннан бері осы поэма еліміздің Алматы мен Петропавлдан басқа қалаларында да бірнеше реттен кітап болып басылып шыққан. Көрмеге оның біразы қойылыпты.  Келушілер Жұмабаевтар отбасының шежіресімен де таныса алды.  Оған сүйенсек Мағжан ақынның  отбасында 7 ұл және 2 қыз тәрбиеленген. Ақын ата-анасының үшінші перзенті болған. Экспонаттар қатарында ақынның жайнамазы, келініне сыйға тартқан ыдысы да бар.

– Біз ақынның шығармашылығы мен оқу оқыған кездеріне баса мән бердік. Мағжанның портретін тұтас бір қабырғаға ілуді жөн көрдік. Бұл суреттің де өзіндік мәні бар. Көрмені тамашалаушыларды  ақын пайдаланған ыдыс-аяқтар, жұмыс істеген үстелі мен орындығы қызықтырды, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі Меруерт Тілекова.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz