Жыл басынан облыста жедел жәрдем қызметіне 31 рет жалған шақырту келіп түсті. Қоңырау шалғандарға әкімшілік материал жиналды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
СҚО жедел медициналық қызмет орталығының мәліметінше, өткен жарты жылда 103 нөміріне 75 945 шақырту түскен. Оның 31-і жалған болып шыққан.
— Жалған шақыртуларды бірнеше санатқа бөлуге болады, соның бірі — мекенжайды дұрыс бермеу, есікті ашпау, зардап шегушінің жағдайын дұрыс бағаламау немесе жедел жәрдем қызметін шақырып, телефонды өшіріп тастау. Тағы бір жағдайда өтіп бара жатқандар сырқаттарға жедел жәрдем көлігін көшеде, аялдамада, аулаларда шақырады, бірақ көмектің келуін күтпей кетіп қалады. Сондай-ақ, балалар немесе мас адамдар, есірткі, психотропты зат қолданғандар шақырады. Мұндай жағдайда жедел медициналық көмек орталығының заң қызметі жалған хабарласқанның әрекетінен әкімшілік құқықбұзушылықты анықтау жұмысын жүргізіп, жиналған материалды әкімшілік полицияға жолдайды, — дейді орталық қызметкерлері.
Арнайы қызметтерді – өрт сөндіру, полиция, жедел жәрдем, апаттық қызметтерді көпе-көрінеу жалған шақыру үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл бар.
— Жедел медициналық қызмет диспетчерлері мен бригадаларына балағат сөз айтқандарға да жаза бар. Бұл ұсақ бұзақылық деп есептеледі. Яғни, қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау, жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың, саябақтардың, скверлердің ластануы, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтардың шығарылуы және басқаларға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіпті бұзатын және жеке тұлғалардың тыныштығын білдіретін басқа да осындай әрекеттер 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу қарастырылған, — дейді орталық қызметкерлері.