«Саламатты Қазақстан» медицина пойызы СҚО-ға жол тартты

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

28 маусым мен 4 шілде аралығында Солтүстік Қазақстан облысында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жұмыс істейді. Айыртау, Тимирязев және Жамбыл ауданының тұрғындары білікті мамандарға қаралып, тегін тексеруден өте алады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

СҚО әкімдігі ішкі саясат басқармасының мәліметінше, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 26 сәуірден бастап ел аумағында жұмыс істей бастады.

Бұл – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасы.

Кестеге сәйкес 28 маусым мен 4 шілде аралығында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында болады.

28 маусым күні сағат 7.35-те пойыз Айыртау ауданы Саумалкөл станциясына келеді. Келесі күні сағат 21.10-да осы ауданның Янко станциясына тоқтайды.

30 маусымда сағат 22.36-да Тимирязев ауданының Белоградовка станциясына тоқтамақ.

1 шілде күні сағат 21.12 Сулы станциясына келеді.

Ал 3 шілде күні сағат 22.40-та Жамбыл ауданының Бауман станциясына тоқайды.

Медициналық пойыз пациенттерді сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін қабылдайды. Сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін түскі үзілісі бар.

Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді, консультациялар мен тексерулер жүргізеді.

Пойызда терапевт, хирург, жалпы тәжірибелік дәрігер, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашылар, медбикелер, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, стоматолог, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог мамандар бар.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен алғаш рет пойызда медициналық жәрдемнен бөлек тұрғындарға кәсіби психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетілмек.

Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тегін консультациялар өткізіледі.

Ал талдау, ЭКГ, ЭХО, флюорография, ультрадыбыстық тексерулер тегін жүргізіліп, нәтижелері сол жерде беріледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мамандар тұрғындарды әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жері мен сақтандырылу жағдайына қарамастан кезекпен қабылдайды. Тек 18 жасқа дейінгі балалар тек ата-аналарымен бірге қабылданады. Кешкі сағат 17.00-ден кейін науқас төсек тартып жатқан жағдайда маман үйге барып оның жағдайын білуі мүмкін.

Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, әлеуметтік жобалар қорының және ақпараттық әріптес — Jibek Joly телеарнасымен ынтымақтастықта іске асырып жатыр.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz