Жергілікті “Арт-класс” балет би тобы республикалық байқаудан жүлдемен оралды. Бұл жолы олар Бурабайда өткен “Summer dance” байқауына қатысқан еді. Шарада 5 пен 12 жас аралағындағы өнерпаздар сахнаға 20 мәрте шығыпты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазылардың жоғары бағасына ие болған ұжым 6 бас жүлдені, 9 бірінші орынды және 5 екінші орынды еншіледі.
– Бұл жолғы жеңісімізге қуаныштымыз. Дайындығымыздың жоғары болғаны қазыларға бірден байқалған сияқты. Жақсы тәжірибе жинап қайттық. Қыздардың қуанышында шек жоқ, – дейді “Арт-класс” балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шеберханасының жетекшісі Ксения Радионова.
“Арт-класс” балет би тобында 50 өнерпаз бар. Олардың арасында Ясмин Садықова 4 жасынан сахнада өнер көрсетіп жүр. Қазір ол ұжымның беткеұстар бишісіне айналған.
– Бұл біздің алғашқы сайыс емес. Мен 3 биге қатыстым. Соның ішінде өзіме қатты ұнағаны қытай биі болды. Ашық түстегі киіміміз өзімізге жарасып, сахнаның сәнін келтірді. Бурабайдағы байқау менің есімде ұзақ сақталады, – деді жас биші.
Байқаудан олжалы келген өнерпаздарды жақындары күтіп алды. Келешекте мың бұралған бишілер талай шыңды бағындыруды жоспарлап отыр.