Солтүстік Қазақстан облысында 1 шілдеде құрылған Еңбек ұтқырлығы орталығын Аман Төрегелдин басқаратын болды. Осы тағайындауға дейін ол алты жылдан астам уақыт Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментін басқарды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
А. Төрегелдин 48 жаста. Бұрынғы Көкшетау облысының тумасы.
«Агроөнеркәсіптік кешеннің инженер-экономисі» мамандығы бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін, «Заңгер» мамандығы бойынша «Фемида» Қарағанды заң академиясын, «Экономика және бизнес магистрі» мамандығы бойынша Көкшетау қаласының гуманитарлық-техникалық академиясын бітірген.
Еңбек жолын сауда үйінің маркетинг инженері болып бастады. Көптеген жылдар бойы салық саласында жұмыс істеді, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары, Уәлиханов ауданының әкімі болды.
Еңбек ұтқырлығы орталықтары ҚР Әлеуметтік Кодексін іске асыру аясында ұйымдастырылды. Олар облыстың немесе Республикалық маңызы бар қаланың еңбек нарығын үйлестіреді және басқа өңірлермен өзара іс-қимыл жасайды.