Кәсіпкерлер аймақ басшысынан «ҚымызФест», «Сазан күні» фестивалі, «SKO-рлупино» фестивалі сынды іс-шаралар кезінде бірлесіп қаржыландыруға қолдау көрсетуді сұрады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Өңіріміздің туризмін дамыту мақсатында осы іс-шараларды өткізуге қаржылай қолдау көрсетуіңізді сұраймыз. «ҚымызФест» фестивалі 2017 және 2018 жылдары Петропавлда өтіп, бренд мерекеге айналды. Осыдан 6 мың жыл бұрын қазіргі Солтүстік Қазақстан территориясын кезген ботайлықтар жылқыны қолға үйретіп, шаруашылықтарын кеңейткені ғылыми түрде дәлелденген. Біздің облыс – әлемдік жылқы шаруашылығының отаны. Фестивальдің негізгі бағыттары – ат карнавалы, спорттық және ұлттық ойындар, бешбармақ сайысы мен дәм тату, жәрмеңке, концерттік бағдарлама», – деді Солтүстік Қазақстан облысының рестораторлар мен қонақ үй иелері қауымдастығының атқарушы директоры Андрей Фролов.
Сондай-ақ жақында Айыртау ауданында палата өткізген «Солтүстіктің інжу-маржаны» атты ашық туристік шеруді туризм және спорт саласындағы іс-шаралардың республикалық жоспарына енгізуді ұсынды. Өңірдегі рестораторлар мен қонақүйшілер қауымдастығының ұсынысын аймақ басшысы қолдады.