Шекараны қорғау жайы талқыланды

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Облысқа жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров келді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Іс-сапар барысында мәжілісмен бақылау-өткізу жүйесінің жұмысымен танысу мақсатында Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Жаңажол» өткізу бекетіне барды.

Тәулік бойы бекеттен 2 мыңнан астам адам мен 900-ге жуық көлік өтеді. Мамандар барлығын арнайы құрылғылар арқылы жіті тексереді. Соңғы жартыжылдықта бекет арқылы жалған құжатпен өтпекші болған 3 адам ұсталды. Сондай-ақ, есірткіні алып өтпекші болған 1 азамат қолға түсті.

— «Жаңажол» автокөлік өткізу пункті 2004 жылы ашылған. Шекара бекеті халықаралыққа жатады. Сондықтан тәулік бойы жұмыс істейді. Жалпы біздің бекет арқылы 4500 адам мен 2500 көлік өте алады, — дейді ҚР ҰҚК шекара қызметінің СҚО бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Рауан Қоңқабаев.

Мәжіліс депутатының мұнда табан тіреуі «сұр» импорт пен демпингтік бағалардың ішкі нарыққа қысым жасауымен байланысты. Айтуынша, кей өңірлерде шекараға келген шетелдік тауар, бір мезетте қазақстандық болып шыға келеді. Мұндай жағдайдың жиілеп кеткенін, әр құжатта сәйкеспейтін сандардан байқауға болады. Оның алдын алмау ішкі нарықтағы бағаның бұрмалануы мен сапасыз азық түліктің сатылымға түсуіне алып келеді.

— СҚО шекарасында да өзгерістер керек екенін көріп жатырмыз. Әсіресе контрабандамен келіп жатқан өнім, азық-түлік. Соған қарсы цифрландыру жүйесін енгізу керек. Одан басқа 6 айлық бидайды импорттау тыйым салынған. Соны қайтадан ұзарту қажет. Біздің ойымызша тағы 6 ай ұзартсақ, біздің бидай шығаратын шаруалардың да жағдайы жақсарып қалады деп сенеміз, — дейді Айдарбек Қожаназаров.

«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров шекара бекетінің жұмысымен толық танысып шықты. Айтуынша мұндағы инфрақұрылымдық жағдай өзге өңірлермен салыстырғанда жақсы. Ендігі кезекте әскерилердің мәртебесін көтеру, ғимараттарды жаңартып, заманауи талаптарға сәйкестендіру сынды өзекті мәселелерді елордаға жеткізбек.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz