Аққайың ауданының Смирново ауылында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың қатысуымен «Ақ бидай-2023» облыстық жазғы спартакиадасының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Іс-шараның мақсаты – саламатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды факторы ретінде дене шынықтыру мен спортты насихаттау. Спартакиадаға облыстың 13 ауданы қатысуда.
Спартакиада 3 күнге созылады. Бағдарлама бойынша жеңіл атлетика, бокс, волейбол, баскетбол, футбол, еркін күрес, ауыр атлетика, гір тасын көтеру, велоспорт, ату, шахмат, дойбы және үстел теннисінен жарыстар өтуде.
– Мұнда облысымыздың аудандарынан 1500-ге жуық қатысушы бақтарын сынауда. Бірінші күні Қызылжар, Аққайың, Есіл аудандары жарысқа түсті. Ауданның іс-шараға жоғары деңгейде дайындалғанын атап өткен жөн. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін, — дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.
Спартакиада қорытындысы бойынша барлық спорт түрінен жоғары ұпай жинаған командалар жеңіске жетеді. Үздіктер облыстық команда құрамына іріктеліп алынады. Жеңімпаздар кубок, төсбелгі, грамоталармен марапатталады. 1 орын иеленген команда – 300 мың, 2 орын – 200 мың, 3 орын – 100 мың теңге алады.