СҚО-дағы әрбір үшінші интернет-алаяқтық «Банктен қоңырау шалу» схемасы бойынша жасалады. Бұл — алдаудың ең көп таралған түрлерінің бірі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырады, олардың шоттарындағы «күдікті әрекеттер» туралы хабарлау арқылы адамды қапыда қалдыруға тырысады. Біреудің алаяқтығынан қорғану үшін үлкен несие алып, ақшаны белгілі бір «қауіпсіз шотқа» аудару керектігін жеткізеді. Сондай-ақ, алаяқтар жәбірленушіден банктегі шоттан қаражатты заңсыз есептен шығару үшін қажетті құпия деректерді біліп алуы мүмкін.
Жыл басынан бері облыста барлығы 342 интернет-алаяқтық тіркелді. Оның 109-ы «банктен қоңырау шалу» схемасы бойынша жасалған. Бір жағдайда келген залал 16 миллион теңгеден асып түсті.
«Адамдарды алаяқтардан қорғау үшін ауқымды алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Түсіндіру акциялары аясында қаңтар айынан бастап облыс тұрғындарына 42 мың жадынама таратылды. Жергілікті телеарналарда алдау сценарийлері туралы егжей-тегжейлі баяндалған 6 бағдарлама болды. Ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желілерде орналастырылады. Учаскелік инспекторлар тұрғындарды халықпен әр жиында желілік алаяқтықтың қауіптілігі туралы ескертеді. Айта кету керек, интернет-алаяқтықтың төмендеуіне қол жеткізілді: өткен жылдың 6 айында олардың 403-і тіркелген болатын», — дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Мадияр Харипов.
Полицейлер еске салады: банк қызметкерлері клиенттің қандай да бір қаржылық операцияларды жүргізуін талап ете алмайды. Сондай-ақ, олар телефон қоңырауларында клиенттерден банк карталарының нөмірлері мен кодтарын «нақтылай» алмайды. Банктің атынан хабарламаның заңдылығын тексеру үшін оған ресми телефон нөміріне қоңырау шалыңыз. Құпия деректеріңізді бөгде адамдарға бермеңіздер. Бөгде адамдардың немесе сізбен келісімшарттық қатынастары жоқ ұйымдардың электрондық поштаға келіп түскен күдікті мәтіндік хабарламаларына жауап бермеген жөн.