«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға 120 өтініш түскен

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары бір ай ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға 120 өтініш берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Бағдарламаны жүзеге асыруға облысқа 1,8 млрд. теңге бөлінді. Оператор – «Солтүстік» ӘКК» АҚ.

ШОБ саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру басқармасының басшысы Талғат Жұмабеков өтініштерді қабылдау 8 маусымда басталғанын айтты. Осы уақыт ішінде жалпы сомасы 950 млн теңгені құрайтын 120 өтініш түскен. Қазірдің өзінде 40-қа жуық өтінім мақұлданды. Бағдарламаға Қызылжар, Айыртау және Шал ақын аудандары белсенді қатысуда.

Мал шаруашылығын дамытуға негізінен ауыл тұрғындары өтініш білдіруде. Олар жылқы, ірі қара, ұсақ мал өсіргісі келеді. Өтініштер саны бойынша екінші орында жүк тасымалдау, үшінші орында сауда. Қазіргі кәсіпкерлер де, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер де өтініш беруде.

Бірінші мақұлданған жоба – Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы маңындағы тас жол бойында өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орнын ұйымдастыру. Жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер әйел 5,5 млн теңге көлемінде несие алады.

«Жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген несиелеу кәсіптің кез келген түріне дерлік беріледі. Ауылдық және шағын қалалардағы шағын несие көлемі – 2500 АЕК-ке дейін, немесе 8,6 млн теңге, зәкірлік кооперацияны дамытуға – 8 000 АЕК-ке дейін (27,6 млн теңге). Несие мерзімі – бағытына байланысты 2 жылдан 7 жылға дейін. Сонымен, мал шаруашылығы бойынша несиенің ең жоғары мерзімі 7 жылға дейін, басқа бизнес-жобалар бойынша – 5 жылға дейін, ауыл шаруашылығы құрылымдарының егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеу үшін – 3 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыру үшін – 2 жылға дейін. Жасырын төлемдер жоқ. Барлығы мүмкіндігінше ашық. Мысалы, 7 жыл мерзімге 8,6 млн теңге несие сомасында ай сайынғы төлем шамамен 120 мың теңгені құрайды. Жеңілдікті кезең – барлық несие мерзімінің 1/3 бөлігіне дейін. Яғни, несие мерзімі алты жыл болса, демалыс екі жыл болады. Бұл негізгі қарызды да, сыйақыны да өтеуге қатысты», — деді Т.Жұмабеков.

Жеңілдікті шарттармен шағын несиені жұмыссыз азаматтар, ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер, қысқартылған жұмысшылар, жеке қосалқы шаруашылықтар мен отбасылық кәсіпорындардың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен мүшелері, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар ала алады. Басты шарт – олар ауылды жерлерде тұрып, бизнес жобаларын жүзеге асыруы керек.

Жас шегі – 18 жастан зейнеткерлік жасқа дейін. Қарыз алушыларға қойылатын негізгі талаптар өтініш беру кезінде мерзімі өткен берешектің және қамтамасыз етудің болмауы болып табылады. Кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады.

«Кепіл Қазақстанда тіркелуі керек. Егер бұл автокөлік немесе ауылшаруашылық техникасы болса, онда 15 жылдан бұрын шықпаған болуы керек. Өтімділік коэффициенті өндіруші елге де байланысты. Жылжымайтын мүлікке ешқандай шектеулер жоқ», — деп түсіндірді Т.Жұмабеков.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған. Қанатқақты жоба Жамбыл облысында сәтті жүзеге асырылып, қазір республика бойынша кеңейтілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz