Петропавлға Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің делегациясы келді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жергілікті жоғары оқу орны аспан асты елінің оқу ордасымен 2017 жылдан бастап тығыз қарым-қатынаста. Қытайлық қонақтар құр алақан келмепті. Теріскейліктерге мал азығын зерттеуге арналған микроскоп тарту етті.
– Біз Қозыбаев университетімен көп жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеміз. Бірлесіп осында агротехнопарк аштық. Қытайдан жоғары технологияларды жеткіздік. Былтыр бидайдың генетикасын зерттеуге арналған лаборатория аштық. Біздің осы жолғы мақсатымыз – академиялық ұтқырлық бағытын ғана емес, агротехнопарктің жұмысын дамыту. Сыйға тартқан микроскоп мал азығын толығымен зерттеуге мүмкіндік береді, — дейді ҚХР NMA&F University халықаралық департаменті директорының орынбасары Ю Фан Дзоу.
Қос университет серіктестіктің жаңа деңгейіне өту алдында тұр. Алдағы уақытта өңірімізде ғылыми орталық ашу жоспарланып отыр.
– Біздің университет Жібек жолының ауылшаруашылық білім беру және ғылыми инновациялар альянсы құрамына кіреді. Осы серіктестік аясында Қытайға делегациямен барып қайттық. Кездесу барысында әріптестікті дамыту жайында, оның аясында студенттер мен оқытушылардың білім алмасуын жалғастыру, ғылыми орталық ашу туралы сөз болды. Алдағы уақытта қытайлық университетпен де арада қосдипломды бағдарлама жүзеге асырылады, — дейді М.Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі Рената Апергенова.
Қытайлық университетке маусым айында 5 жерлесіміз барып қайтты. Солардың бірі – “Агрономия және орман шаруашылығы” кафедрасының оқытушысы Гүлзат Қосшығұлова. Магистр маманның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы мен Шаньси провинциясы арасында бірқатар ұқсастық бар. Мәселен, климат жағынан.
– Шаньси провинциясы мен біздің өңірдің ұқсастығы бар екен. Ол аймақ біздің солтүстік секілді ауылшаруашылық аймақ болып саналады. Егін және мал өсіру бағыты жақсы дамыған. Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің ауыл шаруашылығына қосқан үлесі зор. Бұл саланың бастамасы мыңдаған жылдар бұрын сол университеттен бастау алған. Ғылыми мықты инновациялық институт екеніне анық көзіміз жетті. Өйткені, бір университеттің өзінде 20-дан астам факультет бар және оның барлығы аталмыш саланы дамыту үшін жұмыс зерттеулерін жүргізуде, — дейді Гүлзат Қосшығұлова.
Жиын барысында қытайлық магистранттарға сертификат табысталды. 13 шетелдік студент сәуір айында теріскейге академиялық ұтқырлық бойынша келген. 3 айын қазақ елінде өткізгендердің бірі – Джао Дзя Хао. Өзін тек жақсы жағынан көрсеткен білімді азамат Қ.Тоқаевтың өңірге сапары кезінде Президентпен кездескен.
– Қазақстан Республикасының Президенті өз сөзінде халықаралық қатынастарды және оның ішінде білім, ғылым саласын дамыту қажеттігін айтты. Мен бұған толықтай келісемін әрі қолдаймын. Себебі, Қазақстандағы оқу мен үшін өте пайдалы өтті. Жаңа білім алдым. Агротехнопарктегі қытайлық құрылғыларды басқаруды осында үйрендік. Көптеген тәжірибе, зерттеулер жүргіздік, — дейді ҚХР Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің магистранты Джао Дзя Хао.
Қала қонақтары шілде айының 29-ы күні елдеріне жол тартады. Келесі легі тамыз айында келеді екен. Ал қыркүйекте солтүстікқазақстандық 14 студент те Қытайға барып, білім алмақ.