Солтүстік Қазақстан облысында жарма зауыттарын ашу арқылы дәнді дақылдар өндірісін арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин биылғы жылы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданынның Ковыльное ауылында «Ақселеу» ЖШС қуаттылығы жылына 1,5 мың тонна жарма зауытын іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты. Орақ науқаны аяқталғаннан кейін кәсіпорынды ашу жоспарланған.
–Жамбыл ауданы, Казанка ауылында «Қызыл Агро» ЖШС-ның дәнді дақылдарын өңдеу цехын салу мәселесі пысықталуда. Жобалық қуаттылығы жылына 2 мың тоннадан асады. Петропавлда қуаты 600-800 кг/сағ жарма өндіретін цехты іске қосу мәселесін шешіп жатырмыз. «Agro Grain SK» ЖШС цехта құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, құрал-жабдық жеткізушіні анықтады. Компания «Солтүстік» ӘКК» АҚ-ның жеңілдетілген несиесін пайдалануға ниетті, – деді Д.Әмрин.
Қазір облыста бір ғана жарма өңдейтін зауыт бар. Ол жалпы қуаттылығы жылына 15,8 мың тонна дайын өнім шығаратын – «РахатОпт» ЖШС. Биыл облыста қарақұмық дақылдары үш есе өсті.