Петропавлда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өтіп, Уәлиханов ауданындағы Ескеновтер отбасы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік кезеңі өтті. Оған биыл 28 отбасы қатысты. Ішінде кәсіпкерлер де, құрылысшылар да, кітапханашы мен мұғалім, зейнеткерлер де бар.
«Дана халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның тұлға болып қалыптасуында, ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы зор. Отбасы деген шағын ғана мемлекетіміздің бақытты болуы үшін, алдымен балаларды бақытты ету керек. Сондықтан, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мақсатындағы дәстүрлі байқаудың әр отбасы үшін орны ерекше», — деді СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтау сөзінде.
«Мерейлі отбасы» байқауында бағын сынағандардың дені – өскен-өнген, белгілі бір жетістігі бар көпке үлгілі үйелмендер. Мәселен, Бекболатовтар отбасы байқауға Қызылжар ауданынан келген. Отағасы Аманғали Бекболат – еліміздің мақтанышы, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бірер күн бұрын Аманғали Будапеште өткен рейтингтік турнирде «алтыннан алқа» тақты. Ал байқауға жары, 3 баласы және ата-анасымен қатысты.
«Басқа отбасыларға үлгі болсын, бізден үлгі алсын, жақсы жаққа бет бұрсын деген оймен осы байқауға орай бірнеше бейнеролик түсірдік. Онда балаларға уақыт бөлу, оларды спортқа тәрбиелеп, өмірге деген құлшыныстарын арттыру жолдарын көрсеттік», — дейді Аманғали Бекболатов.
«Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде бұл отбасы 2-орынды жеңіп алды.
Ал, 1-орын Уәлиханов ауданынан келген Ескеновтерге бұйырды. Отағасы Зейнолла Ескенов – құрылысшы. Бұл салада 40 жылдан артық еңбек өтілі бар ол Астананың құрылысына да атсалысқан. Жеті жылдың ішінде бригадасымен бес тұрғын үй кешенін және екі зауытты салып шыққан. Еңбегі еленіп, көптеген марапатқа ие болған. Туған ауданында да бірнеше нысан оның үлес қосуымен бой көтерді.
Зайыбы Күлбан Ескенова «Күншуақ» балабақшасын басқарып, бірер жыл бұрын зейнетке шықты. Қол қусырып отырмай, Кішкенекөл ауылында дүкен ашты. Кейін наубайхананы да іске қосты. Қазір ол жаңа піскен нанмен ауылдастарын ғана емес, көрші елді мекендерді де қамтып отыр.
Үлгілі отбасы қоғамдық өмірге де белсенді қатысып, мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек беруді дәстүрге айналдырған. Ерлі-зайыпты төрт ұл-қызынан 11 немере сүйіп отыр.
Жеңімпаз отбасы байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.